Шымкентте қала әкімінің экс-орынбасарына қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Шымкент әкімінің экс-орынбасарына қатысты дерек қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр. Тергеу материалдары 21 томға жинақталды. Мақсұт Исахов мемлекеттік қызметте жүрген кезде дене шынықтыру және спорт саласынан бастап, жер пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауға да жетекшілік етті. 2020 жылы әкімдік магистральдық жылу желілерін жаңғырту бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізген. Ұтқан мердігер бастапқы жарнасын алып, жұмысын бастайды. Алайда тендерге қатысқан екінші мердігер мұнымен келіспей, сотқа арызданады. Көп ұзамай әлгі мекеме жұмысшылары жылу құбырларын жаңартуды жалғастырған.
Мұхтар Арыстанов, қалалық прокуратураның аға прокурорының сөзінше, Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына "Старт-Строй" компаниясымен келісімшарт жасаудың сәті түспеген. Себебі бастапқыда мемлекеттік тапсырысқа есептелген қаржы толық көлемде болмай шыққан.
Яғни, тендерді бірінші ұтқан "Корпорация Сити-Строй" серіктестігі ол ақшаны кері қайтармаған. Сол себепті айыптаушы тарап бас прокуратураға арызданды. Тергеу мәліметінше, Исахов қаланың жылу желілерін жаңғыртуға қатысты істі жабық күйде қалдыру үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің лауазымды қызметкеріне пара ұсынбақ болған.
Істің ақ-қарасын енді сот шешеді. Айыпталушының қылмысқа қатысы бары дәлелденсе, 10 жылдан 15 жылға дейін сотталуы мүмкін. Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары шенді қызметкері де жауапкершіліктен жалтара алмады. Қазір ол қамауда отыр.