Биыл Шымкентте бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу бойынша 7 тергеп-тексеру шарасы жүргізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу фактілері бойынша жалпы сомасы 52 млн теңгеден аса айыппұл салынған, оның ішінде 36 млн теңгеден астамы бюджетке өндірілген. Қазіргі уақытта 1 іс соттың қарауында жатыр.
"Shymkent" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ-ға қатысты жүргізілген тергеп-тексеру барысында аталған ұйымның үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі ретінде тиісті тауар нарығына кіруді шектеуге, бәсекелестікті болғызбауға және нарық субъектісінің белгілі бір тұтынушылар тобының заңды құқықтарына қысым жасайтын әрекеттерге жол бергені анықталды.
"Акционерлік қоғам мен "Казсбытгрупп" ЖШС арасында "Shymkent" ӘКК басқаруындағы Шымкент қаласының индустриялық аймақтары (Фосфор зауыты, Транспорттық-логистикалык аймақ, "Тассай") қатысушыларын энергиямен жабдықтауды үйлестіру және жеткізу туралы шарт жасалған. Аталған шартқа сәйкес, "Shymkent" ӘКК серіктестіктің осы қызметтен түсетін жалпы табысының 50 пайыздан астамын өз пайдасына алып отырған. Тексеру қорытындысымен 14 млн теңгеден астам мөлшерде айыппұл салынып, ол толық көлемде өндірілді", – делінген департамент таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ "Шымкент әуежайы" АҚ-ға қатысты авиаотынды сату нарығында монополиялық жоғары бағаны белгілеу әрекетіне қатысты тергеп-тексеру жүргізілді.
"Әуежайдың іс-әрекетінде авиаотынды сату нарығы бойынша заң бұзу анықталды. Яғни, әуежайдың авиаотынды сату қызметінде монополиялық жоғары бағаны белгілеу әрекетімен негізсіз пайда тапқан. Нәтижесінде, қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің болуы себепті іс материалдары Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды", – делінген департамент ақпаратында.