Оқиға Шымкент қаласындағы мемлекеттік бөбекжайлардың бірінде болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кадрлардан тәрбиешінің балаларды шприцпен қорқытып, ұйықтатып жатқанын байқау қиын емес. Аталған жағдай бойынша желідегілердің пікірі қақ жарылған.
Шымкент полиция департаменті ата-аналардың шағымынан соң тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті.
– Қазір іс бойынша барлық мән-жайды толық, объективті және жан-жақты анықтау үшін жедел және кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша Шымкент қаласы Тұран ауданының прокуратурасы, Шымкент қаласы Полиция департаментінің Тұран аудандық полиция басқармасы, білім басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің, сондай-ақ ата-аналар мен балабақша қызметкерлерінің қатысуымен жедел кеңес өткізілгені хабарланды.
– Шымкент қаласы Тұран ауданында орналасқан мемлекеттік бөбекжай-балабақшасында педагог қызметкердің балаларға қатысты кәсіби әдепке сай емес әрекеттеріне байланысты келеңсіз жағдай тіркелді.
Атап айтқанда, аталған балабақшаның "Бәйтерек" мектепалды тобының тәрбиешісі Р.М. тарапынан балаларға қатысты психологиялық және физикалық қысым көрсету белгілері (шприцпен қорқыту, қол көтеру) анықталғаны жөнінде мәлімет түсті.
Оқиғаның барлық мән-жайы құқық қорғау органдары мен білім басқармасы тарапынан жан-жақты әрі объективті түрде зерделенуде. Тергеу нәтижелері бойынша заңнамаға сәйкес тиісті құқықтық баға берілетін болады.
Аталған мәселе Шымкент қаласының білім басқармасының қатаң бақылауында, – деп пікір білдірді Шымкент қаласының білім бөлімі.