Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне Айдын Кәрімов тағайындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Кәрімов Айдын Мейрамбекұлы 1988 жылы Семей қаласында дүниеге келген.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Қазақ қаржы-экономика академиясында және MNU (Maqsut Narikbayev university) университетінде білім алған.
Еңбек жолында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің "Есептеу техникасы, телекоммуникациялар, информатика және ситуациялық талдау" РМК-да, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-да, "Телекоммуникациялар саласындағы техникалық сүйемелдеу орталығы" РМК-да, Астана және Семей қалалары әкімінің аппараттарында қызмет еткен.
2012-2016 жылдары ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің (қазіргі ҚР Сауда және интеграция министрлігі) Халықаралық экономикалық интеграцияны реттеу департаментінің бас сарапшысы, басқарма басшысы, директорының орынбасары болып еңбек етті.
2016-2017 жылдары — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің сыртқы байланыстар және хаттама бөлімі меңгерушісінің орынбасары; 2017-2019 жылдары — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің сыртқы байланыстар және хаттама бөлімінің меңгерушісі – ҚР Премьер-Министрінің хаттама шефі, сыртқы экономикалық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің меңгерушісі лауазымдарын атқарды.
2019 жылғы 7 қарашада Премьер-Министрдің өкімімен Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары болып тағайындалды.
2022 -2023 жылдары Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.
"Құрмет" Орденімен (2020 ж.), ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен (2014 ж.), медальдармен және алғыс хаттармен марапатталған.