Шымкентте сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыру үшін алынатын төлемдер мен өсімпұлдарды есептеу тәртібі бойынша мәселелер туындады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бизнес қоғамдастық өкілдерінің айтуынша, 30-дан астам кәсіпкер сыртқы жарнама төлемінің есептелгенін тек мерзімі өткеннен кейін ғана банк қосымшалары арқылы білген. Олар есепшоттарының бұғатталу қаупі бар екенін жеткізді.
Кәсіпкерлер бұдан бөлек бірқатар мәселені көтерді. Олардың айтуынша, есептелген төлем сомасы нақты орналастырылған жарнаманың көлеміне сәйкес келмейді, ал сөрелердегі бейнелер негізсіз түрде жарнамаға теңестірілген. Сондай-ақ, төлемнің есептелетіні туралы алдын ала хабарланбаған, әрі анықталған бұзушылықтарды ерікті түрде жоюға мүмкіндік берілмеген.
Бұдан бөлек, негізгі төлем мен өсімпұл бір мезгілде есептеліп, кейбір кәсіпкерлер жарнама элементтерін бұған дейін алып тастағанына қарамастан, оларға да төлем жүктелгенін алға тартты.
Осыған байланысты Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Жомарт Арынтаев жауап беріп, жағдайды түсіндірді.
Оның мәлімдеуінше, кәсіпкерлік субъектілерге есептелген төлемдер мониторинг нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органнан салық органдарына берілген мәліметтер негізінде есептеледі.
– Заңнамаға сәйкес, белгіленген міндетті төлемдер мен салықты төлеу – әр азаматтың, кәсіпкерлік субъектісінің міндеті. Ал сыртқы жарнама төлеушілер – жарнама нысандарының меншік иелері немесе жарнама орналастырылған ғимараттың меншік иелері. Сыртқы жарнама бойынша түсім жергілікті бюджетке түседі. Әр айдың 15-інен кешіктірілмей уәкілетті орган бізге қажет мәліметтерді ұсынады. Соған сәйкес әр салық төлеушіге міндетті төлемдер ұсынылады. Ол авоматты түрде екінші деңгейлі банктердің қосымшасы арқылы беріледі, – деді ол.
Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кеңес кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және заңнаманы бірізді қолдану мақсатында прокурорлық шараларды қолдануды орынды деп таныды.
– Қалыптасқан жағдайды жан-жақты қарау қажет деп есептеліп, кәсіпкерлердің әр өтініші бойынша уәкілетті органдардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Кез келген кәсіпкер Палата арқылы немесе прокуратураға тікелей жазбаша немесе электронды түрде шағым айтып, өз дәйектерін ұсына алады. Әр нақты жағдай Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп мұқият зерттеліп, құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда кәсіпкерлердің құқықтары заңда белгіленген тәртіппен қалпына келтіріледі, – деді Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма басшысы Батыр Ергешов.