Дизель отынына сұраныс шамадан тыс жоғары. Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің Павлодар мұнай-химия зауытына жұмыс сапары кезінде өткен жиында айтылды, деп жазады inbusiness.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен шекаралас аймақтарда дизельге үлкен сұраныстың есебінен соңғы жылдары Қазақстанда дизель отынын тұтыну көлемі өсуде. Бұл осы мемлекеттерден транзитпен өтетін ауыр жүк автомобильдерінің жанармайды құйып әкетуі салдарынан болып отыр, тіпті дизель отынын контрабандалық жолмен әкету мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. Мұның бәріне шекаралас елдермен дизель отынына бағаның диспаритеті әсер етеді.
Жанармай құю станциялары өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда дизель отынының бөлшек саудадағы құны ресейдікінен 1,5 есе арзан. Айталық, 2022 жылдың тамызында ресейлік ЖҚС-те дизель бағасы литріне 429 теңге болса, Қазақстанда литріне 238 теңге болды.
Нәтижесінде, бағасы арзан қазақстандық отын шекаралас аймақтарға кетіп, көрші елдердің нарығын субсидиялап отыр. Ішкі нарықтағы жанар-жағармай материалдарының ағымдағы ұсынысына Қазақстан мен Ресейге Орта Азия елдерінен ауылшаруашылық және жеміс-көкөніс өнімдерінің белсенді тасымалдануы қосымша қысым көрсетеді.
ҚМГ Басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары Арман Қайырденовтің мәліметі бойынша, Қазақстанда 2020 жылмен салыстырғанда дизель отынын ағымдағы тұтыну көлемі кемінде 800 мың тоннаға өседі. 2020 жылы бұл көрсеткіш 4,7 млн тонна болса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 5,5 млн тонна болады деп күтіледі.
ҚМГ басшысы М.Мырзағалиев жұмыс жиынын қорытындылай келе, алдағы күзгі дала жұмыстары кезінде ел нарығына дизель отынын тұрақты сатуды қамтамасыз етіп, ҚМГ мұнай өңдеу зауыттарының апатсыз жұмысын және 2022 жылға арналған өндіріс жоспарының орындалуын бақылауға алуды тапсырды.
Бұдан бөлек, мұнай өңдеу зауыттарынан жанармайды үздіксіз жөнелту үшін вагон мен локомотивтерді уақтылы беру бойынша "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясымен өзара іс-қимылды күшейту қажет. М.Мырзағалиев мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмау мақсатында Шымкент МӨЗ-нің жоспарлы жөндеу жұмыстары биылдан келесі жылға шегерілгенін де айтты.