"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Шымкент мұнай өңдеу зауытын аралады. "ҚазМұнайГаз" басшысы кәсіпорынның өндірістік нысандарын аралап, "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" қызметінің негізгі мәселелеріне қатысты жиын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында 2025 жылға арналған көрсеткіштер, сондай-ақ зауыттың ұзақ мерзімді даму стратегиясы талқыланды. Биыл жылдық өңдеу көлемін 6,2 млн тоннаға дейін жеткізу және елімізде қалыптасқан бензин профициті кезінде дизель отынын шығару көлемін ұлғайту міндеті қойылып отыр.
Қоймадағы қорды басқаруға да ерекше мән берілді.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін жеткізу жобасы күнтәртібінде тұр. Бүгінгі таңда жобаны іске асыруға бағытталған негіздемелік келісімді келісу жүріп жатыр, одан кейін техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу кезеңі басталады. Жер бөлу және инфрақұрылыммен (су, электр энергиясы және газ) қамтамасыз ету мәселелері шешілу үстінде. Сонымен қатар дайын мұнай өнімдерін (бензин, дизель отыны) тасымалдау үшін Шымкент-Алматы құбырын салу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл халқы тығыз орналасқан аймаққа отынды жеткізуді қамтамасыз етеді және теміржол тасымалына тәуелділікті азайтады.
"Шымкент мұнай өңдеу зауытының тұрақты жұмыс істеуі ішкі нарықты отынмен үздіксіз қамтамасыз етуде аса маңызды. Биыл құрылғанына 40 жыл толған зауыттың алдында өндірістік жоспарды орындау ғана емес, тиімділікті едәуір арттыру, қауіпсіздік пен экологияны сақтаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету міндеті тұр. ПҚОП қуатын кеңейту жобасын тездетіп іске асыру қажеттілігін ерекше атап өтемін. Себебі бұл – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің стратегиялық басымдығы", – деді Асхат Хасенов.
Былтыр "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" 5,74 млн тоннадан астам мұнай өңдеді. Жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі – 78,8% (2023 жылы - 72,2%) және өңдеу тереңдігі – 85,8%-ды (85,5%) құрады.
Биыл бірінші тоқсанда да өндіріс оң динамиканы көрсетті: шикізатты өңдеу көлемі 1,51 млн тоннаны құрап, жоспар шамамен 4%-ға асыра орындалды. 2025 жылдың үш айы ішінде жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 81,2%-ға жетті, жоспар бойынша 76,4%. Мұнай өңдеу тереңдігі 87,72% құрады (жоспарға сәйкес 86,52%).