Бүгін энергетика министрі Қанат Бозымбаев арнайы іс-сапармен Оңтүстік Қазақстан облысына келді. Мекеме басшысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ең алдымен Шымкент мұнай өңдеу зауытына атбасын бұрып, мұндағы жаңғырту жұмысының барысымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
"ҚазМұнайГаз" АҚ басшылығы министрге жобаның бірінші кезеңі аясында атқарылған механикалық жұмыстың аяқталып, екінші кезең нысандарында құрылыс монтаждау жұмысын жүргізу кестесі туралы баяндады. Бүгінде "ПетроҚазақстан" мұнай өңдеу зауытындағы құрылыс жұмысына 4 мыңға жуық маман тартылған. Оның мыңға жуығы Қазақстан мамандары.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінде еліміздегі үш бірдей мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмысы жалғасып жатыр. 2017 жылдың екінші жартыжылдығында Павлодар мұнай-химия және Атырау мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмысы аяқталады деп күтіліп отыр. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмысының аяқталу мерзімі 2018 жылдың бірінші жартжылдығына жоспарланып отыр.
"Әрине, үш зауытты жаңғырту жұмысына қыруар қаржы бөлініп отыр. Яғни, жаңғырту және несие ресурсын тарту осы зауыттардың өз қаржысы есебінен жүргізіледі. Жалпы жаңғырту жұмысы толығымен аяқталса, еліміздегі бензин сапасы жақсарып, дизель және керосин өнімдерінің бағасы тұрақтанады. Ең бастысы – 2019 жылы Қазақстан Ресей бензиніне тәуелділіктен арылып, еуразиялық одақтың талаптарына сай өнім өндіре бастаймыз", – дейді энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Министрдің қатысумен өткен арнайы жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев кəсіпорын басшылығындағы қытайлық инвесторларға ең өзекті екі мәселеге назар аударуды ескертті.
"ПетроҚазақстан" мұнай өңдеу зауыты облысымыздағы ең ірі салық төлеуші кәсіпорынның біріне айналып отыр. Бұл кәсіпорында жергілікті жұмысшылардың үлесі көбірек болуы керек. Яғни жергілікті мамандарды жұмыспен қамту мақсатында қажетті кәсіптік техникалық маман даярлау мәселесіне көңіл бөлуге кеңес берер едім. Ол үшін облыс орталығындағы кәсіптік техникалық мамандандырылған колледжді өз қамқорлықтарыңызға алып, жұмыс істегендеріңіз дұрыс. Сондай-ақ жергілікті жұмысшыларды тәжірибе алмасу мақсатында шетелге жіберу ісін жолға қойған абзал", – дейді Жансейіт Қансейітұлы.
Биыл екінші жартыжылдықта Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталады. Содан кейін елімізде Еуро-4, Еуро-5 стандарттарына сай жанармай мен дизель отыны шығарыла бастайды.
Мұнан соң энергетика министрі бастаған жұмысшы топ "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 2015 жылы пайдалануға берілген Шымкент қаласындағы 160 гкал/сағ болатын қазандықты аралап көрді. Қазандық бүгінде әкімшілік іскерлік орталығындағы 38 көпқабатты тұрғын үйді және 6 әкімшілік ғимаратты жылумен қамтамасыз етіп отыр. 2015 жылы пайдалануға берілген қазандық газбен жылытылады. Нысанның құрылысына 3,4 млрд теңге жұмсалған.