Шымкент мұнай өңдеу зауытының жылдық қуаты 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін артуы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ведомствоның кеңейтілген алқасында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомство басшысы еліміздегі 3 ірі мұнай өңдеу зауытында жұмыстары толық біткенін еске салды. Сөзінше, бұл 17,7 млн тонна мұнайды қайта өңдеуге мүмкіндік бермек. Былтыр 14,2 млн тонна мұнай өнімдері шығарылған.
Алмасадам Сәтқалиев министрліктің биылға арналған жоспарымен бөлісті.
"Жер қойнауын пайдаланушылардың ішкі нарыққа мұнай сатудан табыстылықты әділ алуын қамтамасыз ету мақсатында жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу тетігін немесе "салық маневрін" реформалау жоспарланып отыр. Мұнай өңдеу саласының 2050 жылға дейінгі тұжырымдамасын, Шымкент мұнай өңдеу зауыты қуатын 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін ұлғайту жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздемені және Қытаймен үкіметаралық келісімді әзірлеу. Сонымен қатар Павлодар МӨЗ-де мұнайды терең өңдеу жобаларын іске асырудың басталуы және CaspiBitum жол битумын өндіруді ұлғайту да жоспарда бар", - деп атап өтті Энергетика министрі.
Айта кету керек, осыған дейін былтыр Ресей Қазақстан арқылы Қытайға 10 млн тонна мұнай тасымалдағанын жазған болатынбыз.