Шымкенттіктер ескі салт-дәстүрлерге тағы ден қоя бастады. Рамазан айы басталғаннан бері жарапазан айтушылар мұсылмандар үйін аралауда. Алайда дін қызметкерлері бүгінгі күні ежелгі дәстүр бизнеске айналғанын айтып отыр. Бұрын қасиетті айдың келгенін мадақтап, діншілдікке шақырған әндер қазір табыс табудың көзі болған деп жазады otyrar.kz..
Рамазан айында күн сайын дәмханалар мен дүкендерді аралайтын бұл балалар ән салудың шебері болып алған. Соңғы үш жылда олар Рамазан айын ораза ұстау үшін емес, салт жырларын айту үшін асыға күтеді. Салт жырларын айтқан олар сыйақы дәметеді. Осының арқасында күніне 5000 теңгеге дейін пайда табады.
"Тапқан ақшаға өзімізге керек заттарыды аламыз. Ата-аналарымыз ақшаны қалай табатынымызды біледі", –дейді орындаушылар.
Жарапазан айтушылар бүгінде ән салудың шебері болып, қомақты ақша тауып жүр. Рамазан айында олар күніне 100 мың теңгеден табады.
Жарапазан айтатындардың бірі - Рақымжан Бауыржанұлы: "Рамазан айында жақсы ақша табатынымыз рас. Бірақ біз тек ақша үшін айтпаймыз. Ән салып, ұлттық өнерімізді насихаттаймыз. Өйткені ұлттық аспаптарда өнер көрсетеміз", -дейді.
Алайда дін қызметкерелері ұлттық дәстүр, әсіресе, қасиетті Рамазан айында оңай пайда табудың көзі болмау керектігін айтады.