Шымкент пен Павлодар зауытын мұнаймен жабдықтау үшін жоба әзірленуде

709

 Себебі Өзбекстан Қазақстаннан 5 млн тоннаға дейін мұнай алуға ниетті.

Шымкент пен Павлодар зауытын мұнаймен жабдықтау үшін жоба әзірленуде

Шымкент пен Павлодар зауыттарын мұнаймен жабдықтау үшін жоба әзірленуде. Бұл туралы ҚР энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетерлігі, бүгін сенаттың экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінде "Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы талқыланған болатын. Осы мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған вице-министрдің айтуынша, Өзбекстан Қазақстаннан 5 млн тоннаға дейін мұнай алуға ниетті.

Осы орайда сенаторлар жылына 5 млн тонна мұнайды Өзбекстанға жіберсек, еліміздің мұнай өңдеу зауыттары шикізат тапшылығына ұшырамай ма деп сұраған еді.

"Қазіргі уақытта Павлодар мен Шымкент зауыттарын тек қана Ақтөбе мен Қызылордадан шығатын мұнаймен жабдықтаймыз. Өкінішке орай кен орындарының өз өмірі бар, бітеді. Қазір өндіріс азайып та жатыр. Мәселен, Құмкөлді айтар болсақ,  былтырға қарағанда биыл 1 млн тоннадан астам мұнай аз өндірілетін болады. Бұл мәселені шешу үшін Кеңқияқ-Атырау құбырын бұрып, келесі жылдан бастап Атыраудан Кеңқияққа дейін жылына 4 млн-нан 6 млн-ға дейін  мұнай тасымалдауды жоспарлап отырмыз. Бұл тек осы зауыттарды мұнаймен жабдықтау үшін жасалып отырған жоба", – деді вице-министр.

Осы ретте ол Өзбекстан Жизақта мұнай өңдейтін зауыт салып, оған жылына қазақстандық 5 млн мұнай қажет болған жағдайда мәселені шешу жолы бар екенін айтты.

"Егер өзбек тарапы Жизақта зауыт салып, біз оған арнайы Шымкенттен Жизаққа дейін жылына 5 млн мұнай тасымалдайтын құбыр салатын болсақ, онда Атырау-Кеңқияқ құбырын қосымша 5 млн тоннаға кеңейтеміз. Әрине, бірінші мәселе ішкі нарықты қамтамасыз ету. Одан кейін ғана Өзбекстанға мұнай еткізу", – деді Болат Ақшолақов.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу