Қарбалас уақытта инспекторлар Мұсахан Өміралиев пен Бақберген Жазықбай Бәйдібек би мен Төлеметов қиылысында кезекшілікте болған кезде оларға Opel Vectra көлігінің жүргізушісі қоңырау шалған. Бұл туралы inbusiness.kz сайты polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Ер адам жүкті әйелінің толғағы бар екенін және оны тезірек перзентханаға жеткізу керектігін түсіндірді. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылар Түркістан облысының тұрғындары екенін, бірақ Шымкентті мүлдем білмейтіні туралы айтқан. Тәртіп сақшылары тез әрекет етіп, олармен бірге жүруді ұйғарды.
Сөйтіп жедел-жәрдем шақырса, уақыт жоғалтатынын бірден түсінген полицейлер көлікті сүйемелдеп алып жүру арқылы ерлі-зайыптыларды Нұрсәт мөлтек ауданындағы перзентханаға жеткізді.
"Қиын кезде қол ұшын созған полиция қызметкерлеріне алғысым шексіз. Келіншегім мен баламның өмірін бір қауіптен аман алып қалды. Біреудің басына түскен іске бей-жәй қарамай, адамгершілік танытқандарыңыз үшін рақмет", – деп ризашылығын білдірді әке.
Өз кезегінде Мұсахан мен Бақберген отбасыға амандық тілеп, ата-анасының қуанышы үшін баланың мықты әрі дені сау болып өсетініне сенім білдірді.