Шымкент қаласы полиция департаментінің басшылық және жеке құрамына жасанды интеллект технологияларын қызметтік жұмыста қолдануға арналған екі күндік семинар-тренинг басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқытудың алғашқы күні Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық үкіметті қолдау орталығының ұйымдастыруымен өтті. Семинарды орталықтың бас директоры Әлия Оспанова мен Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев ашты.
Тренинг барысында қызметкерлерге жасанды интеллект көмегімен жұмыс процестерін оңтайландыру жолдары көрсетілді. Олар автоматтандыруға болатын міндеттерді анықтап, жасанды интеллектке тапсырманы дұрыс қоюды және бағдарламалау дағдыларынсыз цифрлық құралдар әзірлеуді үйренуде.
Мамандардың айтуынша, жаңа технологиялар ауқымды ақпаратты өңдеу, құжаттарды жүйелеу, анықтамалар мен талдамалық материалдар дайындау уақытын қысқартып, қайталанатын жұмыстарды азайтуға мүмкіндік береді.
Семинарда ақпараттық қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлінді. Қызметтік ақпаратпен жұмыс тек белгіленген талаптарға сай қорғалған ортада жүргізілуі қажет.
Оқу барысында меңгерілген дағдыларды алдағы уақытта Шымкент қаласы полиция департаментінің күнделікті жұмыс үдерістерінде қолдану жоспарланып отыр.