Абай аудандық ішкі істер бөлімінде заттай айғақтарды сақтауға арналған қоймадан 2 келі зергерлік қымбат бұйымдар жоғалып кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz Nege.kz-ке сілтеме жасап.
Аталмыш зергерлік бұйымдар қылмыстық іске қатысты биылғы жылдың 7 наурызында тапсырылған екен. Сол кезде салмағы 2 келі тартатын зергерлік бұйымдар 45 миллион теңгеге бағаланған. Олардың жоғалғаны жуырда мәлім болған. Айтуларынша, жоғалған алтын бұйымдардың іздерін қаладағы 12 ломбардтан тапқан.
Күдікке заттай айғақтарды сақтауға жауапты полиция бөлімінің қызметкері, полицияның аға инспекторы Виктория Тельнова және аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Нұржан Тілеуов ілікті.
NEGE-нің тілшісі Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекееваға байланысқа шығып, ресми түсініктеме сұраған болатын.
Баспасөз өкілі бұл жағдайды теріске шығарған жоқ, сонымен қатар растаған да жоқ. Оқиғаға қатысты "хабар беретіндерін" жеткізді.