Түркістан облысының Сарыағаш және Қазығұрт ауданында Шымкент – Ташкент (Өзбекстан шекарасы) жолындағы инфрақұрылымды одан әрі дамыту бойынша қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды "ҚазАвтоЖол" ҰК баспасөз қызметі.
Жақында осы жоғары жылдамдыққа арналған автожолдың қазақстандық учаскесін қайта жаңарту аяқталды. Төрт жолақты күре жолға бетон төселіп, І "Б" санатқа жатқызылды. Сипаттамалары бойынша Нұр-Сұлтан – Теміртау жолына ұқсас.
Айта кетерлігі, Шымкент – Ташкент (Өзбекстан шекарасы) жолын коммерциялық жүк көліктері үшін де, жеке жеңіл көліктер үшін де ақылы ету жоспарлануда. Дәл осы мәселе өңірде өткен қоғамдық тыңдауларда жан-жақты талқыланды.
"ҚазАвтоЖол" ҰК өкілдері жолдың осы учаскесінде тестілік режимде 3 бейнебақылау аркасы, сондай-ақ клиенттермен жұмыс істеу орталығы іске қосылғанын айтты. Мұнда алдын ала төлем бойынша немесе шлагбаумдарсыз төлеу әдісімен ақы алудың ашық жүйесі болмақ. Бұл жолда кезек пен кептеліс болмауы үшін тиімді.
Қазақстандағы алғашқы ақылы автожол 2013 жылы іске қосылды. 7 жыл ішінде Нұр-Сұлтан-Щучинск автобаны ақылы жолдың артықшылығын дәлелдеді. Жол жүру ақысы жол жабыны мен инфрақұрылымның сапасын тұрақты бақылауға, жол бойындағы сервистік қызметті жақсартуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа технологияларын енгізуге және жүргізушілерге көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мәселен, соңғы жылдары жол бойында тегін жылы
дәретханалардың қойылуы халықтың тарапынан оң бағалануда.
Қазір елімізде 4 ақылы жол жұмыс істейді, алдағы 4 жылда Нұрлы жол инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасына сәйкес тағы 11 мың шақырым ақылы республикалық автожолды салу және іске қосу жоспарлануда.
Шымкент-Ташкент (Өзбекстан шекарасы) халықаралық маңызы бар жолға ақы төлеуді енгізу жоспарлары жергілікті халықтың қызығушылығымен қатар, алаңдаушылығын тудырды. Жол бойындағы Сарыағаш және Қазығұрт аудандарының тұрғындарының басым бөлігі төлем төлеу бойынша бірнеше сұрақ қойды. Жергілікті тұрғындар бұл жолды анда-санда емес, күнделікті пайдаланатындарын айтып, шығындарды сөз етті. Компания өкілдері жергілікті тұрғындарға жеңілдік бар екенін түсіндірді, яғни ақылы жолдарға іргелес аудандарда тіркелген автокөлік жүргізушілеріне мың теңгелік жылдық абонементтер ұсынылады.
Төлем алу пункттерінде жол жүру билетін ресімдеуге болады. Ол үшін операторларға жеке куәлікті ұсыну және өтініш жазу қажет. Сонымен қатар, жүргізушілер мен көліктердің белгілі бір санаттары үшін жеңілдіктер қолданылады. "ҚазАвтоЖол" алда олардың тізімін ұлғайтуды
жоспарлап отыр. Қазір ұлттық компания заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуде.