Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болуға дайындықты бастап кетті

2290

Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болуға дайындықты бастап кетті

Шымкентте 2020 жылы болатын ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына дайындық басталып кетті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен жиында қаланы жоспарға сай жан-жақты дамыту мәселесі талқыланды. Онда шаһардағы ғимараттардың сәулеттік келбетін ретке келтіру, мәдени нысандар салу, абаттандыру және инфрақұрылымды жетілдіру жайы сөз болды.

Шымкент қаласының осындай мәртебеге ие болуы баршамыз үшін үлкен жауапкершілік екенін айтқан аймақ басшысы бұл шараны жоғары деңгейде өткізу үшін дайындықты бүгіннен бастауды тапсырды.

"Ең алдымен қаланы дамыту бойынша іс-шара жоспарын бекітіп, сол бойынша жүйелі жұмыстарды атқару керек. Екінші шаһар аумағын жасыл желекке айналдыру мақсатында арнайы карта әзірлеген жөн. Ал көпқабатты үйлердің қасбетін ретке келтіру жұмыстарын жоспарлы түрде жүзеге асыруларыңыз тиіс. Сонымен бірге, келуші қонақтар мен тұрғындарға жайлы демалыс сыйлайтын скверлер мен Арбат көшесін салған тиімді. Шымкенттің көне қала екенін айғақтайтын "ескі шаһар" аумағында жүргізіліп жатқан архелогиялық зерттеуді тоқтатпау қажет",- деді аймақ әкімі.

Осылайша Шымкентте алдағы үш жылда "Шымкент - Сити" жобасы жүзеге асып,  қала орталығынан Арбат көшесі ұйымдастырылмақ. Ал, ескі қала орнының аумағында археологиялық ашық аспан астындағы музей құрылмақ. Мұнан бөлек, "Шатқал" бағдарламасы бойынша егілген көшеттер 2020 жылға дейін жайқалған жасыл желек пен саябаққа айналатын болады. Бұған қоса, алдағы уақытта қаланың жасыл аймағын 18 мың гектарға жеткізу жоспары тұр. Сондай-ақ, барлық ғимараттар жарықпен безендіріліп, шаһардың сәулеттік-көркем жарығы түнгі бейнені жарқын әсерге бөлейтін болады.

Сонымен қатар, өңір басшысы облыс орталығының аумағына қосылған жаңа аудандарды абаттандыруды назардан тыс қалдырмауды да тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу