Еңбекші ауданының аумағындағы қараусыз қалған ғимараттың ішінде жүрген ер адам полицейлердің күдігін тудырды. Тәртіп сақшыларының жақындағанын байқаған ол ғимараттан шығуға асықты, бірақ сол мезетте ұсталды.
Тексеру барысында полицейлер оның сөмкесінен есірткі салынған 4 полиэтилен пакет тапты. Оның бірінде бір реттік дозасы бар ұнтақ салынған 49 қаптама табылды.
Жедел уәкілдер ұсталған адамның тұрғылықты жерін анықтап, тінту жұмыстарын жүргізді. 49 жастағы азаматтың үйінен екі пластикалық контейнер мен ұнтақты есірткі заттары салынған бір пакет, сондай-ақ олардың салмағын өлшеуге арналған таразы табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 70 грамнан асатын героин және марихуана екені анықталды.