52 жастағы Артық Досалиев жалпы салмағы 120 тонна болатын 5 теміржол вагонын орнынан қозғап, 21 метр 40 сантиметр қашықтыққа сүйреді. Ерекше өткен сынаққа ондаған көрермен куә болды. Ал Қазақстан рекордтар кітабының өкілдері бұл көрсеткішті ресми түрде тіркеді.
Рекорд тіркелмес бұрын сарапшылар барлық техникалық параметрлерді мұқият тексеріп шықты – рельстердің көлемі, нақты салмағы мен өлшенген қашықтық арнайы құрылғылармен расталды.
Спортшы бұл күнге дейін бірнеше ай бойы тынымсыз жаттығып, қатаң тәртіппен және мықты дайындықпен келгенін атап өтті.
Артық Досалиев – күш спорты әлемінде есімі кең танылған тұлға. Ол – пауэрлифтингтен спорт шебері, бес дүркін әлем чемпионы, екі мәрте Еуропа чемпионы және Азия чемпионаттарының сегіз мәрте жүлдегері.