SCAT әуе компаниясы жолаушының жолжүгін уақытылы жеткізбегені үшін айыппұл төлейтін болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Шымкент қаласының тұрғыны жолжүгін 2 күн кешіктіріп жеткізгені үшін SCAT әуе компаниясын сотқа берген. Істі қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қарады.
"Сотта талап қоюшы Алматы қаласынан Фукуок қаласына ұшып келгеннен кейін өзінің жолжүгін ала алмағаны анықталды. Әуе компаниясына арызданғаннан кейін, жолжүгі табылып, талап қоюшыға екі күннен кейін жеткізілген", – делінген Шымкент қалалық соттың хабарламасында.
Оқиға 2024 жылдың 13 қарашасында болған. Сотта әуе компаниясының өкілі талап қоюшының "Алматы-Фукуок-Алматы" бағыты бойынша тұрақты әуетасымалдарға кірмейтін рейспен бару және кері қайту бағытында ұшқанын айтқан. Фукуок қаласының әуежайына жеткенде, талапкердің жүгі жоқ болып шыққан. Жолжүк 2 күннен кейін иесіне жеткізілген.
Кейіннен бұл жүктің әуе компанияның басқа рейсіне салынып кеткені анықталады. Әуе компаниясы жүктің жоқ екені туралы акт түзген.
18 сәуірде қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты талап қоюшыға 28 064 теңге айыппұл өндіріп беру туралы шешім шығарған. Ал екінші талабын қанағаттандырмаған, бұған келіспеген жәбірленуші апелляциялық шағым түсіреді.
"Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімімен ішінара келіспей шешімді өзгертті. Себебі "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңның талаптарына сәйкес, моральдық зиянды өтеу көрсетілетін қызметтің кемшіліктері салдарынан келтірілген залалдарды өтеуге қарамастан жүзеге асырылады. Алқа осы мән-жайларды және заң талаптарын назарға алып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзертіп, талап қоюшының пайдасына жауапкер әуе компаниядан моральдық зиянды өндірді", – делінген Шымкент қалалық сотының хабарламасында.
Апелляциялық сот 2 шілде күні жолжүгін уақытылы жеткізбеген әуе компаниядан 28 мың теңге айыппұл мен 100 мың теңге моральдық шығынды өтеуге шешім шығарды.