Десе де, әйел ауруханаға жатудан жалтарып, емнің балама түрін іздеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі кезде кәсіби медициналық көмектің орнына омыртқаны балғамен, қолмен ұрып емдеу "әдісі" кең етек алды. Бұған әлеуметтік желілердегі жарнамалардың әсері көп. Шымкент тұрғынының да басынан осындай жайт өтіп отыр. Ол өзін емші ретінде таныстырған адамға барған соң, ауыр жарақат алып, біраз уақыт аяғын баса алмай қалған.
– Емделуші бізге ауыр жарақатпен келіп түсті. Айтуынша, өзін емші ретінде таныстырған азамат оны төсекке жатқызып, арқа тұсынан балғамен қатты соққы жасаған. Осыдан кейін аяғы жансызданған. Шұғыл тексеріс нәтижесінде омыртқа сынып, жұлын зақымданғаны анықталды. Пациент стационарда ем қабылдап, қарқынды терапия курсынан өтті. Қазіргі уақытта жағдайы қанағаттанарлық, аяқ-қолындағы сезімталдық қалпына келді, – дейді №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позилов.
Ақ халаттылар кез келген адамға сене бермеу керегін ескертеді. Себебі, арнайы медициналық білімі жоқ емшінің іс-әрекеті орны толмас өкінішке бастауы мүмкін.
– Осы күні кейбір "емшілер" науқасты емдеу кезінде өте қауіпті әдіс-тәсілдерді қолданады. Адамдарды аяғынан байлап, беліне соққы жасайды, үстіне секіреді, мойынды кенеттен бұрады. Мұның барлығы омыртқа мен жұлынға қатты қауіп төндіреді. Кез келген мазасыздықтан соң дәрігерге барып, рентген, МРТ сияқты тексерулерден өту қажет. Әр ауырсынуды "остеохондроз" деп қабылдап, оны күшпен "шығарып тастауға" болмайды, – деп түсіндірді Бақытжан Позилов.
"Халық емшілері" қауымдастығының мүшесі Мариям Досбалаева остеохондрозды емдеуде өте мұқият болу керегін еске салады. Оның сөзінше, медицина жөнсіздікті көтермейді.
– Мен соққы арқылы емдеуді құптамаймын, оған үзілді-кесілді қарсымын. Бұл омыртқаның қисаюына немесе басқа да асқынуларға әкелуі мүмкін. Әр дертті тек маман емдеуі керек. Біз массаж арқылы созу, емдік майларды қолданамыз. Барлығымызда тиісті құжаттар мен сертификаттар бар. Өкініштісі сол, халық емшілері арасында білімсіз, біреуден көрген тәсілдерді қолданатындар да бар. Бұл – өте қауіпті, – дейді халық емшісі Мариям Досбалаева.
Негізінен, остеохондроз – 40 жастан асқан адамдар арасында ең көп таралған аурудың бірі. Бұл соңғы уақыттары жастарда, әсіресе кеңсе қызметкерлері арасында көбейген. Оған аз қимылдау әсер етсе керек.