Шымкент қалалық зообағында ер адамның түйеқұсты тепкен сәті әлеуметтік желілерге тарап, жұрттың ашуын туғызды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бейәдеп қылық көрсеткен азамат зообақтағы қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзып, қоршаудан заңсыз асқан. Ол түйеқұсты тепкенімен қоймай, өзге жануарларды да әдейі қорқытып, арандатқан. Бұл әрекетке зообақ қызметкерлері де, қала тұрғындары да наразы.
– Жануарлар – ойыншық емес. Олар да қорқыныш пен ауырсынуды сезінеді. Мұндай әрекет – адамгершілікке жат. Табиғатқа, жан-жануарға құрметпен қарау – әр азаматтың борышы, – деді зообақ әкімшілігі.
Қазір зообақ өкілдері құқық бұзушыны анықтауға қоғам белсенділерінен көмек сұрап отыр.
– Егер бұл азаматты танысаңыз, зообақ әкімшілігіне хабарласыңыз. Барлық ақпарат құқық қорғау органдарына жолданады, – делінген ресми мәлімдемеде.
Шымкент қалалық полиция департаменті бұл дерекке байланысты тексеру жұмыстары басталғанын растады. Қазіргі уақытта тәртіп бұзушыны анықтап, оны заң шеңберінде жауапқа тарту мәселесі қарастырылып жатыр.