"Шатқал" бағдарламасы аясында жаңа демалыс орнының капсуласы салынды. Саябаққа "Шымсая" деп атау берілді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Шымкенттегі Тассай тұрғын үй алабының маңында орналасқан 25 га шатқалды көгалдандыру мақсатында құрылған демалыс аймағына 1 мың түп ағаш отырғызылды.
"Алдағы уақытта демалыс аймағына 6 мың түп ағаш көшеттері мен балалар алаңы, шахмат және дойбы алаңы, вело жолдар мен театралдық сахна, полиция бөлімшесі, спорттық жаттығу алаңы салынып халық игілігіне беріледі. Бұдан бөлек биыл қалада тағы осы сынды 4 жерді абаттандырып, саябаққа айналдырамыз. Сонымен қатар "Шатқал" бағдарламасы аясында 16 мың гектардан астам алқапты құрайтын қаланың жасыл белдеуін қалыптастыруды жоспарлап отырмыз", – деді Ж.Түймебаев.
Еліміздегі тың жобалардың бірі болып табылатын бұл бағдарламаның басты мақсаты - қараусыз қалған шатқалдарды халық демалатын саябаққа айналдыру.