Шымкенттің Еңбекші ауданының прокуратурасы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу барысында "YUG PLASTIC KZ" ЖШС жобасын іске асыруға кедергі келтірген мәселелерді анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Компания "Жұлдыз" индустриялық аймағында 1,4 млрд теңге инвестиция тартып, 100 жұмыс орнын құруды көздейтін жобаны жүзеге асырып жатыр.
"Бизнес Шымкент" өңірлік үйлестіру кеңесінің 2026 жылғы 22 сәуірдегі шешімімен серіктестікке дайын өнім қоймасын салу үшін қосымша 1 гектар жер учаскесі бөлінген.
Алайда "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағын басқарушы компаниясы" АҚ тарапынан индустриялық аймақ қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға және жер учаскесін уақытша пайдалануға қажетті шарттар уақытылы рәсімделмеген.
Осының салдарынан инвестор жобаны толыққанды іске асыруға кірісе алмаған.
Прокуратураның араласуынан кейін қажетті шарттар инвестормен рәсімделіп, жобаны іске асыруға кедергі болған мәселелер жойылды.
Прокуратура инвесторлардың құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.