Шымкентте "Қазақстанның үздік тауары – 2026" және "Бір ауыл – бір өнім" өңірлік көрме-байқаулары өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Көрме қала әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өтіп, отандық өндірісті дамытуға, жергілікті өнімдерді насихаттауға және кәсіпкерлерді қолдауға бағытталды.
"Көрме" орталығында тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және басқа да салалардағы кәсіпорындардың өнімдері көпшілік назарына ұсынылды.
Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тхангал бастаған делегация өкілдері, бизнес қауымдастығы және қала тұрғындары қатысты.
"Қазақстанның үздік тауары – 2026" байқауына тәжірибелі кәсіпорындармен қатар, өндірісін жаңадан бастаған отандық кәсіпкерлер де қатысты. Қатысушылардың өнімдері сапасы, бәсекеге қабілеттілігі және тұтынушылық ерекшеліктері бойынша бағаланды.
Байқау жеңімпаздары Астанада өтетін "Қазақстанның үздік тауары – 2026" республикалық кезеңінде Шымкент қаласының атынан қатысады.
Сонымен қатар көрме аясында "Бір ауыл – бір өнім" жобасына қатысушылардың өнімдері таныстырылды. Жоба жергілікті брендтерді дамытуға, шағын кәсіп иелерін қолдауға және ауылдық жерлердегі өндірісті дамытуға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар отандық тауар өндірушілердің әлеуетін арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына жаңа мүмкіндік береді.