Шымкентте 2029 жылға дейін 80 мектеп салынады

568

Шымкент қаласының білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған  өңірлік жол картасы қабылданды.  

Шымкентте 2029 жылға дейін 80 мектеп салынады Фото: gov.kz

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өңірдегі білім беру жүйесін дамытуды көздейтін бірлескен құжатқа қол қойды, деп жазады inbusiness.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, қала әкімдігі мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тапсырыс көлемін 24 200 орынға дейін арттыру, 26 мектепке дейінгі мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік балабақшалардың материалдық-техникалық базасын 100% жаңартуды жоспарлап отыр. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту саласындағы 7 мыңнан астам  педагог біліктілікті арттыру курстарынан, ал 1,5 мыңнан астам педагог қайта даярлаудан өтеді.

Жол картасы аясында 80 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр, оның ішінде 38  мыңға жуық оқушыны қамтитын 25 мектеп "Жайлы мектеп" бағдарламасы бойынша салынады. 30 орта білім беру мекемесіне кешенді жаңарту жүргізіледі.

"Қаламызда демографиялық және миграциялық өсімдерге сәйкес бала саны жыл сайын артуда. Осыған байланысты 2029 жылға дейін 87 950 орынға арналған 80 мектеп құрылысын салу жоспарланған. Сондықтан республикалық бюджетке ұсыныс берілді", - деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.

Бұдан басқа мектептерге қосымша 2,5 мың бейнебақылау жүйесін сатып алу,  балабақшаларда тағы 7 мың бейнебақылау жүйесін орнату жоспарланған.

"Шымкентте ПМПК және психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері жүйелерін кеңейту жоспарланып отыр. Арнайы педагогтер үшін жеті ресурстық орталық ашылады және психологиялық-педагогикалық көмек алу орындары бойынша мемлекеттік тапсырыс 8 мыңға жуық орынға көбейтіледі", - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Шаһарда 2 оқушылар сарайы, 3 сауықтыру лагері, 6 өнер мектебі салынады. Бұдан басқа "Дана бала", "Shymkent Hub", "Сапалы білім", "Сандық мұғалім" түрлі жоспарлы 4 жобаны іске асыру жоспарланған.

Жол картасы іске асырылатын кезеңде Шымкентте төрт өкілеттілік орталығы ашылып, сегіз колледжге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу