Шымкентте 21 жастағы қыздың өлімі: күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін

87

 Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров істің қазіргі барысына қатысты пікір білдірді.  

Шымкентте 21 жастағы қыздың өлімі: күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін Фото: Gagauziya Radio Televizionu

Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың аса қатыгездікпен өлтірілуі бойынша тергеу ісі жалғасып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Адвокаттың айтуынша, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 5-тармағы – "аса қатыгездікпен адам өлтіру" бабы бойынша қайта сараланған. Аталған бапта 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл ақпаратты Шымкент қаласының Полиция департаменті де растады.

Сонымен қатар қорғаушы күдіктіге ең қатаң жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы тиіс деп есептейді.

– Марқұмды некеге тұруға мәжбүрлеген, ол көнбеген соң артынан аңдып, қыр соңына түскен. Ақырында аса қатыгездікпен қылмыс жасаған. Мұндай әрекет ешбір жағдайда ақталмайды. Сондықтан сот процесі ашық өтіп, қоғамға толық көрсетілуі қажет, – деп жазды адвокат әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қазіргі таңда күдіктіге үш бірдей бап бойынша айып тағылып отыр. Олар – "Некеге тұруға мәжбүрлеу", "Сталкинг" және "Аса қатыгездікпен адам өлтіру".

Бұған дейін Шымкентте 21 жастағы студент қызды пышақтап өлтірді деген күдіктінің ұсталғаны хабарланған болатын. Сондай-ақ полиция марқұмның отбасы жариялаған кейбір мәліметтерге қатысты ресми түсініктеме берген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу