Шымкентте 3 айлық нәресте ішінен түйреуіш шықты

991

Шақалаққа шұғыл түрде ота жасаған ақ халаттылар періштені аман алып қалды.  

Шымкентте 3 айлық нәресте ішінен түйреуіш шықты

Шымкентте үш айлық нәресте түйреуіш жұтып қойған. Белгілі болғандай, ұзындығы 2 сантиметрлік түйреуішті шақалақтың аузына 2,5 жастағы ағасы салып жіберген. Балалардың анасы нәрестенің мұрнын тазаламақ болыпты. Жерге қойғаны сол 2,5 жасар бала түйреуішті  жатқан қарындасының аузына тығып жіберген. Шақалақ қақалып-шашала бастаған. Анасы дереу жедел жәрдем шақыртқан. Қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізілген нәрестеге дәрігерлер тексеру жүргізіп, оның көмейінен бөгде затты байқаған. Шұғыл түрде ота жасалған. Дәрігерлер сәбидің періштесі қақты деп отыр. Себебі түйреуіш ашылып қалғанда және ішке түсіп кеткенде жедел өлімге әкелетін еді дейді ақ халаттылар.

"Операцияның ұзақтығы 20 минуттай созылды. Ота кезде бізге өте жылдам қозғалуға тура келді. Себебі нәрестенің салмағы өте жеңіл және тыныс алу жолдарының кішкентайлығына байланысты операция кезде шұғыл  бөгде затты алып тастамаса, баланың тыныс алуы нашарлайтын еді. Бала былайша айтқанда тыныс алмай қалатын болды. Сондықтан жедел қимылдап, уақытысында тездетіп алып тастадық", – деді Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының хирург-дәрігері.

Ауруханадағылар үш айлық нәрестенің қазіргі жағдайы бірқалыпты деп отыр. 

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу