Шымкентте 3 мың оқушыны тегін тасымалдайтын 19 автобус берілді

1124

Шымкентте 3 мың оқушыны тегін тасымалдайтын 19 автобус берілді

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Шымкент қаласындағы 10 мектепке оқушы тасымалдау үшін 19 жаңа автобус берілді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа көліктердің кілтін мектеп директорларына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев табыстап, барша жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтады.

"Қымбатты оқушылар бұл көлік сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ету және жақсы оқып, үлгілі оқушы болуларыңыз үшін беріліп отыр. Сондай-ақ, автобус балалардың тарихи-мәдени ескерткіштерге саяхатқа шығуы үшін де қолданылады. Бұл игі шара Елбасының болашақ ұрпаққа жасаған қамқорлығы деп білемін. Енді қаладағы 3 мыңға жуық оқушы мектепке жеке автобустармен тегін тасымалданады", – дейді аймақ басшысы.

Бұған дейін оқушыларды тасымалдау жұмыстары келісім-шарт арқылы жеке кәсіпкерлер "Абад ЮГ" және "Төлеби Автобус Паркі" ЖШС арқылы жүргізіліп отырған болатын. Бұл автобустар мектептен 3 шақырым қашықтықта тұратын балаларды тасымалдау үшін сатып алынды.

Осы күні күрделі жөндеуден өткен Шымкент қалалық əкімшілігінің ескі ғимараты пайдалануға берілді. Атқарылған жұмыстың сапасын өңір басшысы Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов аралап көрді.

Атап айтар болсақ, ғимараттың іргетасы 1950 жылы қаланған. 2015 жылдың қыркүйегінен басталған нысанның қайта жөндеу жұмыстарына 500 млн теңге бөлінді.

Бүгінгі таңда бұл ғимаратқа Əл-Фараби аудан аппаратымен қатар қалалық білім бөлімі, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі орналасты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу