Өткен демалыс күндері Шымкентте тағы бір бала терезеден құлады. Анасы бөлмеден шығып кеткен уақытта 3 жасар бала масалардың торына сүйкеніп, 4-ші қабаттың терезесінен құлап түскен, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Шымкент қ. ТЖД дағдарыс жағдайлар басқармасына 7 қазанда сағат 18:20-да "103" қызметінен Әл-Фараби ауданының Сайрам шағын ауданында ата-анасының қарауынсыз қалған 2020 жылы туған баланың 4-ші қабаттан құлағаны туралы хабарлама келіп түсті. Жәбірленуші Шымкент облыстық клиникалық балалар ауруханасына жатқызылды. Баланың жағдайы ауыр (мидың шайқалуы, жіліншіктің жабық сынуы, іштің тұйық жарақаты)", - деді Шымкент ТЖД дағдарыс жағдайлары басқармасының жедел кезекшісі Нұркен Тоғайбай.
Жыл басынан бері Шымкентте балалардың терезеден құлауының 7 фактісі тіркелді. Үш бала қайтыс болды, 4 бала зардап шекті. Барлық оқиғаларда сәбилер ата-аналарының қарауынсыз қалған. Құтқарушылар ата-аналарға кішкентай балаларына мұқият болуды және оларды қараусыз қалдырмауды ескертеді.