Шымкентте 38 жұмысшы жалақысын ала алмай отыр

771

Екі жылдан бері жалақы дауы шешілмеген алты мекеме жұмысшыларға 3,8 млн теңге қарыз. ​  

Шымкентте 38 жұмысшы жалақысын ала алмай отыр

Шымкент қалалық еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов жалақы өндіру бойынша тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы шенеунік​ Ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен брифингте айтты.​

"Өздеріңіз білесіздер, бізде жалақы қарызы – ең күрделі мәселе. Бұл ешқашан назардан түспеген және тиісті жұмыстар атқарып келеміз. Қалада 2018 жылы 10 кәсіпорында 1293 жұмыскердің жалақысы берілмегені анықталған болатын. Олардың қарызы 192 млн 800 мың теңге болған. Оны өндіру жұмыстары жүргізіліп, былтыр берешек сомасын 13 млн теңгеге дейін азайттық. Бүгінгі таңда 6 кәсіпорынның 38 жұмысшы алдында ​ 3,8 млн теңге көлеміндегі қарызы қалды", – деді басқарма басшысы.​

Шенеуніктің сөзінше, жалақы қарызының екі жылдан бері шешімін таппауы ол мекемелердің бүгінде жұмысы тоқтауымен байланысты.​

"Алты мекемеде дәл қазіргі таңда жұмыс тоқтап тұр. Негізі жалақы өндірудің заңға сәйкес өзіндік уақыттары болады. Кейін ары қарай кәсіпорынды оңалту немесе банкроттыққа жіберу жайттары қаралады. Қызметкерлерінің алдында жалақы қарызы бар алты мекеменің екеуі – медициналық клиника. Аталған мекемелерге қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Алты мекеменің біреуі банкрот деп танылған, бірақ әзірге заңды түрде жарияланбады. Қазіргі таңда кредиторлар талабы жинақталып жатыр. Атап айтқанда, жалақы, коммуналдық ақы, инвесторлар алдындағы қарыз секілді қарыз түрлері нақтылануда. ​ Содан соң сот орындаушылар өндіру жұмыстарын бастайды", – деді Бауыржан Қалжанов.​

Бұдан өзге басқарма басшысы еңбек дауы мәселесіне де тоқталып өтті. Еңбек қатынастары бойынша шағымдар көбіне балабақшалар, күзет агенттігі мен құрылыс басында жұмыс істейтін қызметкерлерден көптеп түседі екен. Көп жағдайда шағымдар еңбек инспекторларының жұмысшылармен кездесуі кезінде айтылады. Карантин режимі енгізілгелі бері мұндай шаралар онлайн форматқа ауысқан.

Айта кетейік, төтенше жағдай енгізілгелі бері жұмысшылар шағымы үшін жедел байланыс нөмері іске қосылған. Күні бүгінге дейін 425 қызметкерден арыз-шағымы тіркеліпті. Бүгінде олар бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр екен.​

Жансая Тәуекелқызы​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу