Шымкентте биылғы оқу жылында 403 оқушы "Алтын белгіге" үміткер. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшылығы мәлімдеді, деп хабарлайды otyrar.kz.
Үздік оқушылар жағынан шаһардағы №2 Дарын мектебі көш бастап тұр. Білім ұясында 24 оқушы "Алтын белгіден" үміткер. Екінші орынға №65 мектеп-гимназиясы іліккен. Мұнда әзірге 17 шәкірт үздіктер тізімінен табылып отыр. Ал үштікті М.Х.Дулати атындағы №8 гимназия қорытындылады. Бұл білім ошағында 13 оқушы "Алтын белгі" алуға талпыныс білдірген.
Айта кетсек, бүгінде Шымкентте 149 білім ұясы бар. Биыл 11-сыныпты 8080 оқушы тәмамдағалы отыр. Оның ішінде 5463-і алдағы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Ал бұл мемлекеттік сынақ 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтіп, түлектердің білімін таразылайтын болады.