Шымкентте 5 адамды қағып мерт қылған автобусқа жауапты компанияны лицензиядан айыру ұсынылды

747

Бұл іске байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Шымкентте 5 адамды қағып мерт қылған автобусқа жауапты компанияны лицензиядан айыру ұсынылды Фото: Otyrar.kz

Шымкентте 6 адамды қағып, бесеуін мерт қылған жүргізушісі жоқ автобусқа жауапты "Shymkent bus" компаниясы лицензиясынан айырылуы мүмкін. Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғаған полицейлер қала әкімдігіне осындай ұсыныспен шығыпты. Бірақ жауапты мекемедегілер: "барлығына автобус жүргізушісі кінәлі" деумен отыр. Мұнысы дәлелденсе, көліктің тізгіншісі 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ. Ал, автобустың өзінен ақау анықталса, кім жазаға тартылады? 

Талайдың жағасын ұстатқан қайғылы оқиға 8-ші  сәуірде орын алды. Осы уақытқа дейін анықталған деректерге ден қойсақ, жағдай қала аралық 21 бағыттағы қоғамдық көліктің қатысуымен болған. Ал, алты бірдей адамды басып кеткен көлік "Shymkent bus" компаниясына тиесілі. Автобустың жүріп кетуіне, жүргізушісінің көлікті өшірмей, қол тешегішін іске қоспай, қараусыз қалдыруы себеп.  

"Біз автобустың ішіндегі бейнелерді көрдік. Автобус сол жерде шамамен 30-40 секундтай қозғалмай тұрған. Бірақ, белгісіз себептермен 30-40 секундтан кейін автобус жайлап төмен қарай түсе бастаған. Ручной тормозға қойылмаған. Одан кейін автобус адамдарды соғып болып тоқтаған жерінде жүргізуші кейінірек келіп тартып қойған",- дейді "Shymkent bus" компаниясының өкілі Азат Қайыпбеков.

Ал,көшедегі бақылау камерасына түскен кадрларға қарасақ, автобустың ылдиға қарай қарсы бағытпен жүріп, жаяу жүргіншілер жолағынан өтуге оқталып тұрған алты адамды басып өте шыққаны анық. Салдарынан 3 адам оқиға орнында көз жұмып, тағы екі тұлға ауруханада жан тапсырды. Қазір алтыншы азамат нейрохирург бөлімінде ем қабылдап жатыр. "Жағдайы бір қалыпты"- дейді, дәрігерлер. Осы оқиғадан кейін қаладағы қоғамдық көлік компаниялары жаппай атестатциядан өтпек.

"Бұдан кейін тасымалдаушы компанияларға талап өте қатты күшейеді. Бірінші талабымыз әрбір тасымалдаушы қазір осында 10 тасымалдаушы компания отыр. Негізі осы 10 компания бар қалада. Әкімшілік полиция басқарамасы басшысының орынбасары келіп отыр. Шұғыл түрде. Кезектен тыс атестация өткізулеріңіз керек. Шұғыл түрде. Барлық жүргізушілерді",- деді Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұхтар Қоқанбаев. 

Ал, осы іске байланысты қылмыстық іс қозғаған полиция департаменті "Shymkent bus" компаниясын арнайы лицензиясынан айыруды ұсынды. Айтып өтейік, оқиғадан кейін медициналық һәм техникалық сараптамалар тағайындалған.

"Сараптамалар тағайындалған.  Автобус жүргізушісі қамауда. Біз Шымкент қалалық әкімшілігіне "Shymkent bus" фирмасының жолаушылар тасымалдау лицензиясын айыру туралы ұсыныс жолданды. Оны қараудың бір ай мерзімі бар",- деп атап өтті Қалалық ПД анықтау басқармасының басшысы Нұрдәулет Сүйеубеков. 

Егер еске салатын болсақ оқиға орын алған күні "жүргізуші автобустағы қол тешегішін іске қосқан" деген ақпарат тараған еді. Бірақ соңғы дерек басқа. Енді шын мәнінде қалай болғанын құзырлы органдар анықтайды. Себебі, бұл іске байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу