Астана тұрғыны салыстырмалы түрде оңай әрі заңсыз жолмен 15 миллион теңге табыс тапқан. Ол скутерлерді жалға алып, содан кейін оларды сату үшін Шымкент қаласына келген. Бұл туралы inbusiness.kz сайты polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұран аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тергеуді азаматтардың сол жас жігітке қатысты мәлімдемелерінен бастады. Скутер иелерінің айтуы бойынша, жігіт екі ай бұрын алдын ала төлем жасап, көлік құралдарын жалға алған. Ал жалдау мерзімі біткен соң қоңырауларға жауап бермей, жоғалып кеткен.
Қабылданған шаралармен тәртіп сақшылары алаяқты қалада ұстады. Анықталғандай, елорда тұрғыны өзінің алаяқтық жоспарын жүзеге асыру үшін Шымкент қаласына арнайы келіп, 4 айда 40 шетелдік скутерді сатып үлгерген. Ал жалға берушілер 15 миллион теңге көлемінде шығынға ұшырады.
Полицейлер аталған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғап, жинақталған айғақтар мен іс-құжаттарды сотқа жолдады. Нәтижесінде жігіт кінәлі деп танылып, сот оны 4 жылға бас бостандығынан айырды.