Шымкент қалалық көпбейінді онкологиялық орталығында алғаш рет ұйқыбезінің қатерлі ісігі бар науқастарға лапароскопиялық панкреатодуоденалды операция сәтті жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл онкохирургиядағы ең күрделі әрі жоғары технологиялық хирургиялық араласулардың бірі саналады.
Жаңа әдісті өңірде енгізу мақсатында Шымкентке Астанадағы Ұлттық ғылыми медицина орталығының тәжірибелі онкохирургтері келіп, жергілікті мамандарға арналған шеберлік сабағын өткізді.
Лапароскопиялық әдістің ерекшелігі – операцияның үлкен тіліксіз, арнайы жабдықтардың көмегімен бірнеше шағын тесу арқылы жасалуы. Бұл тәсіл ісікті дәл әрі қауіпсіз алып тастауға, операциядан кейінгі ауырсынуды азайтуға және науқастың тезірек қалпына келуіне мүмкіндік береді.
Шеберлік сабағы аясында ұйқыбезі мен оған жақын орналасқан ағзалардың қатерлі ісігі анықталған үш пациентке лапароскопиялық операция жасалды.
Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибе алмасу жергілікті дәрігерлердің біліктілігін арттырып, болашақта Шымкентте жоғары технологиялық күрделі операцияларды тұрақты түрде жүргізуге жол ашады.
Нәтижесінде қала тұрғындары өзге өңірлерге бармай-ақ жоғары деңгейдегі мамандандырылған медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болады.