"18-аймақ" деп белгіленген мемлекеттік нөмірлердің Шымкент қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарына жеткізілгеніне апта толды. Бірақ, Еуразиялық экономикалық Одақ елдерінен әкелінген автомобильдер мен Қазақстанда уақытша тіркелген көлік иелері "сары нөмірлерді" рәсімдеуге асығатын емес. Тек бүгін алғашқы жүргізуші келіп, тиісті тіркеуден өтіп, уақытша мемнөмір алды, деп хабарлайды otyrar.kz.
"Бакиев деген 45 жастағы азамат келіп, 2018 жылғы "тойота камри" көлігін тіркеп, "18-аймақ" деп белгіленген нөмір алды. Төлемақысы – 50 АЕК яғни 132 550 теңге. Көлікті рәсімдеуге 30 минут уақыт жұмсады",– дейді Шымкент қаласы мамандандырылған ХҚКО бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Төребеков.
Шымкентке бұл ерекше мемлекеттік нөмірлердің 1000 данасы жеткізілген. Шетелдік нөмірмен жүрген көліктерді Ішкі істер министрлігінің базасына тіркеу олардың Қазақстандағы нақты санын анықтауға мүмкіндік береді.
Полиция департаменті берген мәліметке сүйенсек, бүгінде Шымкентте Армения мен Қырғызстаның мемлекеттік нөмірлерімен 400-ден астам автокөлік жүр. Оның ішінде 270 адам 343 көлікті өз атына тіркеп әкелген.