Шымкентте 27 жастағы тұрғын аса ірі мөлшерде есірткі өткізгені үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Көлік полицейлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында есірткі заттарын заңсыз сақтау және өткізу деген күдікпен Шымкент қаласының 27 жастағы тұрғынын ұстады. Ұсталған адамның көлігін тексеру кезінде 2 грамм мефедрон, яғни аса ірі мөлшерде есірткі тәркіленді.
Шымкент станциясындағы желілік полиция бөлімі есірткі заттарын заңсыз сақтау және өткізу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Шымкент қаласы сотының үкімімен ұсталған адам 11 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шығарылды.
Биыл бірінші жартыжылдықта көлік полицейлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 197 деректі анықтаған, оның ішінде 11 дерек өткізуге қатысты, 19-ы аса ірі мөлшерде сақтау дерегі болған. Заңсыз айналымнан 80 келіден аса түрлі есірткі заттары тәркіленді.