Шымкентте аудан әкімінің аппарат жетекшісі 700 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды

192

Сотталушылар өз кінәларын мойындамай, соттан өздерін ақтауды сұрады.

Шымкентте аудан әкімінің аппарат жетекшісі 700 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды Фото: gov.kz

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында кезекті қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Атап айтсақ, М. Есімді азамат қызмет бабын пайдалана отырып аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы ысырап еткен (ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы).

Ал, сыбайластары К. мен Б.-ға аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін бір топ адаммен ұрлау, аса ірі мөлшерде салық төлеуден жалтару және құжаттарды қолдан жасау сияқты айыптар (ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы), 28-бабы 3-бөлігі - 245-бабы 2-бөлігі 1, 2-тармақтары), 385-бабы 2,3-бөліктері) тағылды.

Сот материалдарына көз жүгіртсек, М. 2019 жылы Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының басшысы болған уақытта қызмет бабын пайдалана отырып, алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС директоры Б. және құрылтайшысы К. бірге қылмыстық мақсатта әкімдіктің бюджет қаражатын жымқыруды ойластырған.

Атап айтсақ, олар тұрғын үй аулаларын абаттандыруға арналған сметалық құжаттардағы (қоқыс жәшіктері, шағын күркелер, орындықтар, ойын және жаттығу алаңдары) материалдардың құнын өз бағасынан асыра отырып әзірлеп, шамамен 700 млн теңге көлемінде сеніп тапсырылған мүлікті ысырап еткен.

К. ұйымдастырушы ретінде Б.-мен бірге декларацияларға бұрмаланған деректерді енгізу арқылы салық төлеуден жалтаруды ұйымдастырып, мемлекетке 194 млн теңгеден астам зиян келтірген.

Сонымен қатар, Б. салық органдары алдындағы қарызын жасыру мақсатында 130 млн теңгеден астам сомаға банк кепілдігін жасау үшін банк фирмалық бланкін қолдан жасаған.

Осындай фактілерді алға тартқан прокурор сотталушыларға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал, жәбірленушілердің өкілдері заңға сәйкес жаза тағайындалса, сол әділ шешім болатынын жеткізді.

Сотталушылар болса, өз кінәларын мойындамай, соттан өздерін ақтауды сұрады.

Айта кетейік, заң бойынша сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін негізгі жаза ретінде 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.

Сотталушылардың кінәсі сотта зерттелген дәлелдермен дәлелденді. Сот жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып – кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты, әрқайсысына қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, М.-ны өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу