Шымкентте автобус жүргізушісін ұрған жасөспірім жазадан құтылды

220

Айыптың жеңілдетілуі және тараптардың татуласуына байланысты сот қылмыстық істі тоқтатты.

Шымкентте автобус жүргізушісін ұрған жасөспірім жазадан құтылды Фото: inform.kz

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 17 жастағы жасөспірімге қатысты іс қаралды. Ол бастапқыда ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігімен (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) айыпталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алайда прокурор басты сот талқылауында айыптауды ҚК-нің 114-бабының 3-бөлігіне (абайсызда жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтіру) ауыстырған.

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы 2025 жылғы 12 маусымда Шымкент қаласының "Бекжан" аялдамасында №52 автобустан жол ақысын төлемей түсіп бара жатқан сәтте, оған автобус жүргізушісі, яғни жәбірленуші жол ақысын төлеуді айтқан.

– Айыпталушы осы сөздерге ашуланып, жол ақысын төлеп, әрі қарай жәбірленушіге балағат сөз сөйлеп, сыртта сөйлесуге шақырған. Содан жәбірленуші автобустан түсіп, аялдамада айыпталушымен сөйлесуге шыққан кезде, жәбірленушінің сол жақ тұсынан соққы жасап, абайсызда жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірген, – деп мәлімдеді сот.

Прокурор ҚК-нің 68-бабы 1-бөліміне сәйкес, тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтату туралы сұрады. Жәбірленуші мен айыпталушы өзара шағымы жоқ екенін растады.

– Сот ҚК-нің 114-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылған А.-ны жәбірленушімен татуласып, келтірілген зиянды қалпына келтіруіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатып, оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, – деп нақтылады соттың баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енбеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу