Шымкентте бағдаршамдардың секундомерлері алынып тасталды

247

Жергілікті билік жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін бағдаршамдардағы уақытты алып тастауды дұрыс деп тапқан. 

Шымкентте бағдаршамдардың секундомерлері алынып тасталды Фото: Колеса

Шымкент қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, қала аумағында жол-көлік оқиғасы 4 есе өскен, деп жазады inbusiness.kz сайты  Kazinform-ға сілтеме жасап.

"Шымкентте көше қиылысындағы бағдаршамдардың уақытты кері санау таблосы жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында алынған. Себебі қаланың көше-жол желісі бойынша магистральды көшелердің қиылысында көліктер жиі қатты жылдамдықпен соғысады. Яғни, жүргізушілер секундомер бойынша уақыттың азайып жатқанын көріп, тежеу мен үдеу қашықтығын есептемей, қиылыстан өту үшін жылдамдықты асырады. Сонымен қатар, қазіргі таңда кептелістің алдын алу мақсатында бағдаршамдарды интеллектуалды көлік жүйесіне қосу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл жағдайда көше қиылысындағы бағдаршам нысандарының уақыты көлік ағынына қарай автоматты түрде өзгеріп отырады. Ал, интеллектуалды көлік жүйесіне автоматты түрде қосылмайтын бағдаршамдардағы кері санау таблолары алынған" делінген Шымкент жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұсынған ақпаратта.

Бұл жүйе жүргізушілер үшін тосын жаңалық болып отыр. Тіпті, көлік тізгіндеушілердің ішінде үйренісе алмай жатқандар да бар.

"Жүргізушілерге секундомер керек еді. Қай кезде тоқтаймыз, қай кезде жүреміз, бәрін бақылап, соған сай әрекет етіп отыратын едік", — дейді қала тұрғыны Алмас Исаұлы.

Өткен жылдың сәйкес мерзімінде 303 апат тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 1205-ке дейін артып отыр. Ал, жол ережесін бұзушыларға 771 743 әкімшілік хаттама толтырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу