Шымкентте былтыр қыркүйекте босанған әйел комадан кейін ауыр халде жатыр

513

Шымкенттегі перзентханада 2022 жылғы қыркүйекте босанған әйел ауыр халде жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.    

Шымкентте былтыр қыркүйекте босанған әйел комадан кейін ауыр халде жатыр Фото: otyrar.kz

28 жастағы Луиза Атажанова 3 айдан бері ауруханада жатыр.

Туыстары: "23 қыркүйекте үшінші сәбиін босануға келген қызымыз бір өлімнен қалды" - дейді.

Олардың айтуынша, әйелге ешкімнің рұқсатынсыз кесарь тілігін жасаған.

"Бұлардың не істегенін білмеймін, кесарь тілігін істеп, комаға түсіп кетті. Жүрегі тоқтап қалды деді. Мұның бәрі - бәрі дәрігерлердің ісі. Келінім ойнап-күліп жүрген, бір рет ауырмаған. Перзентханаға өз аяғымен кірді" - дейді Луиза Атажанованың енесі Мухаббат Әбдірахманова.

Туыстарының сөзінше, Луиза Атажанова қырық күн комада жатқан. Кейін есін жиған, бірақ әлі халі де нашар.

Ал перзентхананың бас дәрігері кесарь тілігін жасауға баланың жағдайы себеп болғанын айтады.

"Операциядан кейінгі кезеңде пациенттің бүкіл денесінде кенеттен аллергиялық реакция, гипотензияға әкелген анафилактикалық шок болған, жүрек қызметі тоқтаған. Жүрек-өкпе реанимациясы толық көлемде, уақытылы жүргізіліп, жүрек қызметі 5 минутта қалпына келтірілген. Денсаулық сақтау басқармасының жіті бақылауында. Астананың ұлттық координациялық жедел медицина орталығының мамандарының қатысуымен телемедицина арқылы бірнеше рет кеңес өткізілді. Қазір ана мен бала дәрігерлердің жіті бақылауында", - деп мәлімдеді Шымкент қалалық перзентханасының бас дәрігері Мәдина Кенжебаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу