Шымкентте алғаш рет дағдарыс орталығы ашылды. Бұл орталық Қазақстан Республикасы бас прокуратурасының "Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" пилоттық жобасы аясында ашылып отыр. Орталықтың басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, жанжалға тосқауыл қою. Мұнда отбасында әлімжеттікке ұшыраған жандарға көмек көрсетіледі, деп хабарлайды otyrar.kz.
Бұл орталықта негізінен тұрмыс тәлкегіне ұшырап, отбасында теперіш көргендерге көмек көрсетіледі.
Дағдарыс орталығы "Қызыл ай" қоғамының құрамында ашылып, "Қорғау-Астана" қорының әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Дәл қазір орталықта 4 әйел және 12 балаға көмек көрсетілуде.
"Бұл мәселені шешу үшін тек дағдарыс орталығының күші жетпейді. Одан бөлек құзырлы орган өкілдерінің, дәрігерлердің көмегі қажет. Орталығымыз уақытша баспанамен қамту, заңгерлік кеңес беру секілді қызмет түрлерін ұсынады. Барлығы тегін", - деді "Көмек" дағдарыс орталығының директоры Анна Рыль.
Жаңадан ашылған орталықта заңгер, дәрігер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар жұмыс істейді. Одан бөлек жатын бөлмелер, балаларға арналған алаңшалар мен асханалар да қарастырылған.
"Аналарға көмек көрсетеміз. Біріншіден, психологиялық, одан кейін әлеуметтік көмек көрсетеміз. Еңбекке баулимыз, біздің мақсатымыз – аналарды өз аяқтарынан тұрғызып, болашақта өзінің отбасына барып, жарасу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз", - деді "Көмек" дағдарыс орталығының психологы Қалшагүл Есмұрзаева.
Бұл дағдарыс орталығынан бөлек Шымкентте бүгін тағы екі орталық өз жұмысын бастады. Олар – әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу және медициналық-психологиялық оңалту орталығы.