Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері биіктен құлап, ауыр жарақат алған науқасқа күрделі әрі сирек қолданылатын хирургиялық ота жасады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Дәрігерлердің мәліметінше, 45 жастағы ер адам 5 метр биіктіктен құлап, сегізкөз сүйегін екіге бөліп сындырған. Мұндай жарақаттар аса қауіпті саналады, себебі жүйке жүйесінің зақымдануына, жамбас қуысы ағзалары қызметінің бұзылуына және науқастың өмір бойы қозғалыссыз қалу қаупіне алып келуі мүмкін.
Ота барысында травматолог-дәрігерлер арнайы медициналық құрылғыларды пайдаланып, сүйекті дәл анатомиялық қалпына келтірген. Бұл әдіс отандық дәрігер-ғалымдардың ғылыми зерттеулері негізінде әзірленіп, диссертациялық деңгейде дәлелденген.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, күрделі операция травматологтар бригадасының жоғары кәсіби шеберлігінің арқасында сәтті өтіп, науқастың жағдайы тұрақталған.