Марқұмның жұбайы Айдос Боранбаев бір күнде келіншегінен, баспанасынан және бизнесінен айырылып қалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шымкент қаласында қызыл жалын жер үйді күлге айналдырып, 8 баланың анасын ажал құштырды. 40 жасқа жақындаған келіншек ауыр күйікпен ауруханаға жеткізілсе де, ақ халаттылар оның өмірін сақтап қала алмады.
Ауладағы бейнебақылау камерасындағы кадрлар жағдайдың қаншалықты қорқынышты болғанынан хабар береді.
– Әйелімді құтқара алмадым. Біз мақтамен айналысамыз, көрпе-төсек жасаймыз. Арпалысып, әйелімді құтқарамын деп отты баса беріппін. Құтқара алмадық. 80 пайыз күйіп қалыпты. Өзімнің табаным күйіп қалған, жүре алмаймын, – дейді Айдос Боранбаев.

Ерлі-зайыптылар көрпе-төсек тігіп, ақ адал еңбегімен 8 баланы бағып келген. Үй ауласынан шағын цех ашып, күнелткен.
– "Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан қауiпсiздiк талабына сай келмейтін жұмысты орындау немесе қызмет көрсету" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта кешенді тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр. Тергеп-тексеру нәтижесімен процессуалдық шешім қабылданады, – деп мәлім етті Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осылайша, бір сәтте өмірлік серігінен, кәсібінен және баспанасынан айырылған Айдос Боранбаев бүгінде 8 баласымен қиын жағдайда қалып отыр. 5 ұл мен 3 қыз қазір туыстарының үйін паналауға мәжбүр.
Өз денсаулығына да зиян келген отағасы жергілікті биліктен және атымтай жомарт жандардан көмек күтеді.