Шымкентте әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған үш тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полиция интернет кеңістігіндегі мониторинг барысында бейнежазбаны анықтаған. Тексеру нәтижесінде құқық бұзғандар 18, 19 және 20 жастағы қала тұрғындары екені белгілі болды.
Сот шешімімен 18 жастағы Балжан Утарбаева мен 19 жастағы Жанерке Қалдыханның әрқайсысы 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Ал 20 жастағы Камила Бекжанға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Бұған қоса, оған қорқорды тыйым салынған жерде тұтынғаны үшін де шара қолданылды.
Полиция әлеуметтік желілерде де қоғамдық тәртіп пен әдеп нормаларын сақтау қажеттігін ескертті.