Шымкент қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында қаладағы көшелердің бірінде аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын өзімен бірге сақтап, тасымалдап алып жүрген 25 және 26 жастағы Түркістан облысының екі тұрғынын анықтап, ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жеке тінту барысында 25 жастағы ер адамның оң жақ қалтасынан полиэтиленді орама пакетке салынған ақ түсті ұнтақ тәріздес есірткіге ұқсас зат тәркіленіп алынды. Көлікті тінту кезінде алдыңғы орындықтың астынан 2 дана полиэтиленді пакетке оралған есірткі затына ұқсас зат табылды. Әрқайсысының салмағы – 500 грамнан.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген мефедрон есірткі заты екендігі расталып, жалпы салмағы 1 келіні құраған.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.