Шымкентте госпитальдық фармация бөлімшелерін енгізу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл жүйе дәрілік заттарды тиімді басқаруға, оларды қауіпсіз әрі ұтымды пайдалануға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.
Қаладағы медициналық ұйымдарда бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұған дейін 8 медициналық ұйымда госпитальдық фармация бөлімшелері жұмыс істесе, бүгінде тағы 3 мекемеде жаңа бөлімшелер ашылды.
Жаңа бөлімшелер Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығында, Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында және "Хадиша" клиникасында іске қосылды. Алдағы уақытта тағы бір медициналық ұйымда осындай бөлімше ашу жоспарланып отыр.
Осылайша, қазіргі таңда Шымкент қаласында госпитальдық фармация бөлімшелері 11 медициналық ұйымда жұмыс істейді.
Мамандардың айтуынша, бұл бөлімшелер дәрілік заттарды сақтау, есепке алу және қолдану үдерістерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар дәрілік терапияның қауіпсіздігін арттырып, медициналық ұйымдардағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін күшейтеді.
Жаңа жүйені енгізу денсаулық сақтау саласындағы заманауи басқару тәсілдерін дамытуға және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.