Бұл жолы науқастың туған інісі донор болып, ағасының өмірін сақтап қалды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қалалық клиникалық аурухана баспасөз қызметінің мәліметінше, реципиент 2020 жылдан бастап "созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі" диагнозымен дәрігерлердің тұрақты бақылауында болған. 2023 жылдан бері гемодиализ қабылдап келген.
Аталған терапия бүйрек қызметін уақытша алмастырып, науқастың күнделікті өмір сапасына елеулі әсер етеді. Гемодиализ аппараты демалыс күндері жұмыс істемегендіктен, науқас сенбі және жексенбі күндері келесі ем-домды күтумен күрделі жағдайда өткізген.
Осындай жауапты сәтте інісінің донор болуға шешім қабылдауы – бауырмалдықтың, адамгершілік пен жоғары жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Ота №1 қалалық клиникалық ауруханасының жоғары білікті трансплантолог-дәрігерлер тобының қатысуымен жүргізілді. Бүйрек трансплантациясы реципиенттің өмір сапасын айтарлықтай жақсартып, толыққанды өмірге қайта оралуына зор мүмкіндік береді.
Айта кетейік, №1 қалалық клиникалық ауруханасында ағза трансплантациясы медициналық көмектің жоғары технологиялық түрі ретінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.