Шымкентте ірі базарлардың бәрі қала сыртында орналасатын болады

993

Шымкентте ірі базарлардың бәрі қала сыртында орналасатын болады

Шымкент қаласындағы ретсіз сауда мен базарларды жойып, заман талабына сай сауда орындары мен алып дүкендердің құрылысын қолға алуымыз керек. Осыған сәйкес қаланың бас жоспары бойынша ірі базарлардың бәрі қала сыртында орналасатын болады. Бүгін бұл туралы қаладағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралау барысында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі..

Өңір басшысы күтпеген жерден Рысқұлов пен Дулати көшелерінің қиылысында орналасқан "Қазыбек" әмбебап базарына аялдады. Базар маңындағы құжынаған халық пен ешқандай санитарлық талаптарға жауап бермейтін жүйесіз сауда реттерін көрген әкім базар жыл соңына дейін қала сыртына көшірілетінін айтты.  Сондай-ақ елбасының тапсырмасына сәйкес Шымкентті ірі мегаполиске айналдыру бойынша жаңа жобалардың қолға алынып жатқанына тоқталды.  Аталған базарды қала сыртына көшіруді жыл соңына дейін шешуді қала басшылығына тапсырды.

"Қазіргі талаптарға сәйкес бұл базар қала сыртына көшірілетін болады. Сондықтан мұндағы сауда жасап жатқан кәсіпкерлер түсіністікпен қарап, бізге қолдау білдіруі қажет. Саудагерлер далада қалмайды. Бәріне заң талаптарына сай заманауи үлгіде салынып жатқан Бозарық шағын ауданындағы сауда орталығынан орын берілетін болады. Сондықтан аталған базарды жыл соңына дейін жауып, көшіруді тапсырамын", - деді Жансейіт Түймебаев.

Облыс әкімінің бұл талабына сондағы сатушылар де қолдау білдіріп, көшуге байланысты ескерту шараларының дер кезінде жүріп жатқандығын жеткізді.

"Жергілікті билік қойып отырған талаптар өте орынды. Мынадай базарда қыстың суығы мен жаздағы аптап ыстықта тұрып сауда жасау айтарлықтай қиындықтар тудырады. Сондықтан біз көшуге әзірміз. Тек жаңа базардан орын берсеңіздер болғаны" деді бір топ сатушылар.

"Қазыбек" әмбебап базарында жеміс-жидек, көкөніс пен күнделікті тұтынуға арналған және құрылысқа қажетті тауарлар саудаланады. Сауда орталығының жалпы аумағы 20 595 шаршы метрді құрайды.  Оның ішінде 10 719 шаршы метрі сауда алаңына жатады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу