Шымкентте 53 жастағы әйел қан қысымын дәстүрлі әдістермен төмендетуге тырысып, интернеттен оңай рецепт тауып, куркума мен алма сірке суын ішіп, ажал құша жаздады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Дәрігерлер өлім аузында жатқан әйелді аман алып қалды.
Бұл туралы Шымкенттегі №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позилов желідегі парақшасында жазды.
"53 жастағы әйел қан қысымын төмендету үшін интернеттегі кеңестерге сүйеніп, куркума мен алма сірке суын ішкен. Салдарынан анафилактикалық шокқа түсіп, өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Диагнозы: Лайелла синдромы - аллергиялық буллезді дерматиттің ең ауыр түрі. Науқас екі күн бойы өте ауыр жағдайда жатты, бүгін ғана есін жинады. Құрметті достар, халықтық емдеу әдістері кейде тиімсіз болып, денсаулығыңызға үлкен зиян келтіруі мүмкін. Сақ болыңыздар…", – деп жазды бас дәрігер.