Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 19 ақпандағы №7 "Шымкент қаласының аумағында коронавирус инфекцияның таралуын алдын алу бойынша шектеу шараларын жеңілдету туралы" қаулысы шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қаулыға сәйкес, әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысына шектеу қойылмайды. Тек, медициналық орталықтар, кабинеттер, стоматология кабинеттері алдын ала жазылу бойынша қызмет көрсетеді. Сондай-ақ қарбалас сағаттарда автобустар санын көбейту, барлық есіктерді ашу, отыратын орындар саны бойынша толтырылу қажет. Ұйымдар мен кеңселерге CОVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алған және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған барлық қызметкерлердің күндізгі режимде (жұмыс орнында) жұмыс істеуіне жол беріледі.
Өнеркәсіп, коммуналдық теле-радио коммуникациялық және байланыс қызметі, құрылыс, ауыл және балық шаруашылығы, мал шаруашылығы, байланыссыз қызметтер мен туристік компаниялар, бизнес орталықтары мен медициналық ұйымдар, музейлер мен кітапханалар, азық-түлік дүкендері мен шағын маркеттер қалыпты жағдайда қызмет көрсетеді. Сондай-ақ сұлулық орталықтары мен салондары, шаштараздар, маникюр мен педикюр қызметтері, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсететін орындар (алдын ала жазылумен), ашық базарлар (азық-түлік, азық-түлік емес), жәрмеңкелерде де қалыпты режим сақталады.
"Ashyq" жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметі шектеусіз жүргізіледі.
Салтанатты, отбасылық, еске алу іс-шараларды (банкеттер, еске алу) өткізу, конференциялар, форумдар, адамдар көп жиналатын ойын-сауық және өзге де іс-шаралар мен көрмелер, марафондар өткізу шектеусіз жүзеге асырылады. Сонымен бірге олардың қатарында спорт кешендері мен спорттық сауықтыру орталықтары, ойын клубтары мен түнгі клубтар, караоке залдары, сауда орындары, бассендер бар.